Алғаш рет білім беру, ғылым, мәдениет, инновация және цифрлық даму сияқты стратегиялық бағыттар конституциялық деңгейде бекітілмекші. Аталған салалар ел болашағының негізі, ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарастырылды. Спикерлер бұл Қазақстанның өткінші шешімдерге емес, адами капиталға, білімге және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген ұзақ мерзімді стратегиялық даму жолына түскенін айқын көрсетеді деген тұжырымға келді.
ҚӨУ-нің мемлекет және құқық теориясы кафедрасының аға оқытушысы Индира Талтанова Конституция жобасы білімнің қолжетімділігіне, сапасына және зайырлы сипатына ерекше мән беретінін, сондай-ақ өмір бойы үздіксіз білім алу қағидатын бекітетінін атап өтті. Құжат академиялық еркіндікті дамытуға, білімді ғылыммен және инновациялармен ықпалдастыруға, болашақ экономикасы үшін мамандар даярлауға бағытталған.
ҚӨУ-нің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табылденов алдағы референдумның тарихи маңызына тоқталды:
- Бұл – мемлекеттің болашағы адами капиталмен, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырумен тікелей байланысты екенін айқындайтын тарихи бетбұрыс. Алдағы референдум – жай ғана саяси науқан емес, ел дамуын бағдарлайтын тарихи шешім.
Қонақ спикер, Рудный индустриялық университетінің Басқарма мүшесі – инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі проректоры Айдын Сәбитов жобаға енгізілген маңызды толықтырулар туралы айтты:
- Жаңа Ата заңда мәдениет, тарихи мұра және экология арнайы қорғалатын болып бекітілді. Бұл тұрақты даму мен болашақ ұрпақ үшін аса маңызды.
Ол табиғатты қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тарихи және мәдени құндылықтарды сақтау – тек әлеуметтік міндет қана емес, сонымен бірге ғылыми зерттеулер мен инновациялық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін алаң екенін атап өтті.
Университеттер мен ғылыми орталықтар тұрақты даму саласындағы жобаларды жүзеге асыруға және экологиялық инновацияларды енгізуге белсенді қатыса алады.
ҚӨУ оқытушылары мен қызметкерлері талқылауға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Жаңа Конституция жобасын талқылау – азаматтық кемелдіктің белгісі, ғалымдар мен ұстаздар, жалынды жастар мен сарапшылар, ел зиялылары біртұтас үн қосуы тиіс.








