2 қазанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Qazaq AI Research University (QAIRU) арасында AI+X моделі бойынша кадр даярлауға арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру бағытындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
AI+X бастамасын ұлттық деңгейде кеңейту барысында Baitursynuly University «AI + машина жасау» бағыты бойынша серіктес ретінде қатысады.
AI+X моделі жасанды интеллект және деректерді талдау саласындағы құзыреттерді салалық білім беру бағдарламаларына кіріктіруді көздейді.
Университеттер арасындағы ынтымақтастық кәсіби даярлықты заманауи AI-құзыреттермен ұштастыратын білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуге, сараптауға, сынақтан өткізуге және іске асыруға бағытталады.
Келісімге сәйкес, QAIRU AI-құзыреттерді білім беру бағдарламаларына кіріктіру бойынша әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсетеді. Сондай-ақ AI Core бойынша оқытуды ұйымдастыруға, оқу-әдістемелік материалдарға сараптама жүргізуге және ҚӨУ оқытушыларының жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы біліктілігін арттыруға қатысады.
Ал Baitursynuly University кадр даярлаудың салалық құрамдас бөлігіне және профессорлық-оқытушылар құрамының бағдарламаны әзірлеу, сынақтан өткізу және іске асыру жұмыстарына қатысуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар университет өңірлік еңбек нарығының ерекшеліктерін ескере отырып, бағдарламаның мазмұнына қатысты ұсыныстар енгізе алады.
Жұмыс бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылады: еңбек нарығының қажеттіліктерін талдау, қажетті AI-құзыреттерді анықтау, оқу жоспары, силлабустар мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, бағдарламаны сараптау және сынақтан өткізу, кейін оны іске қосу және нәтижелерін мониторингтеу.
Келісім Baitursynuly University-дің инженерлік білім беруге жасанды интеллектіні енгізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, машина жасау саласының болашақ мамандарына қажетті жаңа құзыреттерді қалыптастыруға жол ашады.




