Бұл кездесулер студенттердің жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Біздің студенттер қаламыздың Горький атындағы гимназия оқушыларымен бірге майдангер Қасымхан Алдабергеновпен кездесті. «Шетел тілі» бағытының студенттері екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Леонид Беданың мектеп музейінен бейнематериал дайындады, сондай-ақ Қарабалық кентінің тұрғыны Тамара Бойчукпен кездесті. Тамара Яковлевна соғыс жылдары бала болған. Оның оккупация кезіндегі балалық шағы туралы әсерлі әңгімесі ешкімді бейжай қалдырмады.
Студенттер мен оқушылар Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының әскери тактикасы туралы да жоба әзірледі.
– Студенттер мен мектеп оқушылары бұл кездесулер мен зерттеу жұмыстарына шынайы қызығушылық танытты, – деді тарих сабағын интерактивті түрде оқытудың бастамашысы, ҚӨУ-нің профессоры Айбек Шалғымбеков. – Осындай оқыту түрлерінің жақсы нәтиже беретіндігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Жерлестеріміздің ерлігін ұмытпай, оларды мақтан тұтыңыздар.



