Білікті маманнан ПАЙДАЛЫ әрі ҒИБРАТТЫ кеңес

«Заң және тәртіп» идеологемасын іс жүзінде орнықтыру мақсатында ҚӨУ студенттері Қостанай облыстық адвокаттар алқасының өкілімен жүздесті.

Қостанай облысының Әділет департаменті ұйытқы болған бұл басқосуға Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің жастары мен полиция подполковнигі (отставкадағы), адвокат Талғат Ермағамбетов қатысты.

Мақсат – өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып, тәрбие жұмысын жандандыру.

Тақырып – жастар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылық ретінде дропперлік пен сталкнигтің алдын алу.

Кездесуді ашқан факультет деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденов мұндай жүздесулердің студенттердің тұлға ретінде қалыптасуына да, кәсіби тұрғыдан шыңдалуына да тигізер пайдасы зор екенін атап өтті.

Талғат Төлегенұлы 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда дропперлік (ҚР ҚК 232-1-бабы: алаяқтардың ақшасын карта арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру) пен сталкинг (ҚР ҚК 130-1-бабы: адамның соңына түсу, қоқан-лоқы көрсету) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін атап өтті.

Бұл екі құқық бұзушылық та азаматтарды қаржылық айла-шарғыдан және психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған.

Еркін форматта өткен кездесуде студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Өзекті тақырыптарды арқау еткен бұл жүздесу жастар үшін өте пайдалы әрі есте қаларлықтай мазмұнды болды.

Қабылдау комиссиясы