ҚӨУ командасы – HackAlem AI күміс жүлдегері

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің абыройын асқақтатқан Андрей Унру халықаралық HackAlem AI 2026 хакатонының «Қаржы» бағыты бойынша екінші орынды иеленді. Ол UNRU AI командасымен бірге қаржылық аударымдарды жан-жақты талдауға арналған MoneyGraph Investigator жобасын таныстырды.

Астанада өткен ауқымды хакатонға әлемнің 21 елінен 2500-ге жуық жас қатысты. Жарыстың технологиялық серіктестері қатарында OpenAI мен NVIDIA сияқты әлемге танымал компаниялар бар. HackAlem AI қатысушылар саны бойынша AI-хакатондар арасында Guinness World Records әлемдік рекордын жаңартты. Бұл жайлы ҚӨУ мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректерінде айтылған.

Қатысушылар ұсынған 1066 жасанды интеллект шешімінің ішінен сарапшылар финалға ең үздік 60 жобаны іріктеп алды. 16 қазанда өткен Demo Day кезеңінде 12 бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Солардың қатарында MoneyGraph Investigator жобасы да бар. Ол қаржы бағыты бойынша үздік үштіктен көрінді.

Жобаның негізгі мақсаты – қаржы мамандарына мыңдаған аударымның арасынан күмәнді әрекеттерді жылдам анықтауға және тексеруді қай тұстан бастау керектігін түсінуге көмектесу. Хакатонға ұсынылған деректер негізінде жүйе 2248 түйіннен тұратын желідегі 4840 қаржылық аударымды сәтті өңдеді. Бағдарлама қаржы ағындарының қай жерде тоғысатынын, қандай қатысушылар арқылы өтетінін және қай түйіндерді алдымен тексеру қажеттігін көрсетеді.

Ал басты ерекшелігі – әрбір қорытындының себебін түсіндіруінде. Сарапшы болжамдардың қандай деректерге сүйенетінін, оларды басқаша қалай түсіндіруге болатынын және бастапқы мәліметтердің қандай шектеулері бар екенін көре алады. Ал жасанды интеллект көмекшісі қарапайым тілде қойылған сұрақтарға есептелген көрсеткіштерге сүйене отырып, негізді жауап береді. Соған қарамастан, түпкілікті шешімді маманның өзі қабылдайды.

Байқау тапсырмасында көрсетілген бес міндетті талап пен сегіз қосымша мүмкіндік толық жүзеге асырылды. Сонымен қатар қорытындылардың дәлдігін тексеруге және әрі қарайғы талдауға қандай деректер жетіспейтінін анықтауға арналған тетіктер енгізілді. Жүйенің барлық мүмкіндігі сыртқы ресурстарды пайдаланбай, тек байқау кезінде берілген тұлғаларды анықтауға мүмкіндік бермейтін деректер негізінде жұмыс істейді.

Күміс жүлдегерге Astana Hub-тан 3000 доллар қаржылай жүлде және OpenAI-дан 3000 доллар көлемінде токендер сыйға тартылды. HackAlem AI хакатонының жалпы жүлде қоры ақшалай марапаттар мен технологиялық ресурстарды қоса есептегенде 220 000 долларды құрады.

Андрей Унруды халықаралық деңгейдегі айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз MoneyGraph Investigator жобасының болашағы бұдан да жарқын болуына тілектеспіз. Өрені биік, өрісі кең жастарымызбен мақтанамыз!

Қабылдау комиссиясы