Бұл диалогқа ҚӨУ-дің барлық факультеттері мен институтының түрлі білім беру бағдарламаларынан 500-ден астам студент қатысты. Кездесу офлайн және онлайн форматында ұйымдастырылды.
– Бұл шараның басты мақсаты – заңды жай ғана талап емес, әр студенттің басты құндылығына айналдыру. «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында жастардың бойында заңға деген құрмет пен жауапкершілікті қалыптастырып, саналы азаматтық ұстанымын нығайтқымыз келеді.
Өйткені, әділ заң мен тәртіпті темірдей қастерлейтін жастар – еліміздің берік іргетасы, – деп атап өтті ҚӨУ әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбеков.
Кездесуге Қостанай облысының құқық қорғау органдарының өкілдері де арнайы қатысты:
Жиын барысында бүгінде жазасын өтеп жатқан жастармен онлайн байланыс орнатылды. Олардың басынан өткен оқиғалары кім-кімді болсын селт еткізбей қоймады.
Мәселен, 2023 жылы есірткі таратқаны үшін сотталған екі бойжеткен Zoom арқылы өз қателіктерін ашық айтып берді. Оңай жұмыс туралы бір ғана хабарландырудың олардың жастық шағын, армандары мен бостандығын қалай күл-талқан еткенін өкінішпен жеткізді.
Бәрі де студенттер арасында жиі кездесетін жарнамадан басталған: интернеттегі жұмыс, жоғары жалақы, еркін кесте және курьерлік қызмет. Алғашқы тапсырмаға дейін еш күдік тумаған.
Бойжеткендердің айтуынша, олар басында қандай іске араласқандарын түсінбеген. Ал есірткі екенін білгенде тым кеш еді. Жұмыстан бас тартпақ болғанда, «үйіңді білеміз, ата-анаңа зиян тигіземіз» деген қоқан-лоқылар басталған. Жақындары үшін қорыққан қыздар амалсыз қылмыстық істі жалғастыра берген.
Нәтижесі – темір тор.
– Екі миллион теңгедей ақша тапқанымызбен, сол үшін ең қымбат жастық шағымызды құрбан еттік. Бостандықты ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың, – дейді олар.
Бұған қатысты Әсел Қайсарқызы былай деп түсіндірді:
– Интернет-жұмыс берушілердің қоқан-лоқысы – бұл тек психологиялық қысым, олардың нақты әрекетке баруы екіталай. Ең бастысы – дер кезінде полицияға жүгіну.
Егер адам заңсыз іске тартылып қалғанын түсініп, өз еркімен көмек сұрап, арыз жазса, ол жауапкершіліктен босатылады. Қорқынышқа бой алдырмай, уақыт созбау керек.
Студенттік төрт жыл – «оңай олжа» қуатын кез емес, білімге, мамандыққа, тіл үйренуге, яғни болашаққа инвестиция салатын уақыт.
– Университетімізде студенттер үшін барлық жағдай жасалған: сапалы білім, тәжірибеге бағытталған оқыту және дуалды білім беру мүмкіндіктері бар. Бұл студент кезіңде-ақ өз мамандығың бойынша тәжірибе жинап, табыс табуға жол ашады.
Сондай-ақ, басыңызға іс түссе, куратор, деканат немесе университет басшылығы тарапынан әрқашан қолдау табатыныңызды ұмытпаңыздар, – деп түйіндеді ҚӨУ экономика және құқық факультетінің деканы Айдар Байкин.













