ФРАНЦИЯЛЫҚ білімге толы қоржын

Baitursynuly University филологтары француз тілі мұғалімдеріне арналған Х Халықаралық жазғы мектептен олжалы оралды.

Шымкент төрінде, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында өткен он күндік басқосуда оқытушыларымыз Université de Poitiers (Франция) белгілі профессорларынан еуропалық озық әдістемелерді үйреніп, тәжірибе алмасты.

Бұл алқалы жиында ҚӨУ-ді мықты маман, білікті ұстаздардан құралған топ қорғады: пединституттың шетел тілдері кафедрасынан Анна Сухова мен Гүлнар Жанбуршинова, шетел филологиясы кафедрасынан Сәуле Абишева және филология және практикалық лингвистика кафедрасынан Қуаныш Құсқадамова.

Франция елшілігі мен «Сорбонна-Қазақстан» институты басшылығының оқытушыларымызға деген ықыласы ерекше болған.

– Ұйымдастырушылар бізге «ҚӨУ-ді жақсы білеміз, сіздерде байырғыдан қалыптасқан, еліміздегі ең мықты француз тілі мектептерінің бірі бар» деп ашық айтты.
Шынымен де, түлектеріміз бүгінде халықаралық ірі компаниялар мен елшіліктерде абыроймен қызмет етіп жүр. Мұндай жоғары баға ұстаз ретінде ерекше қанат бітіреді екен, – дейді аға оқытушы Қуаныш Құсқадамова.

Тағылымдама үйреншікті, жалықтыратын дәрістерден ада болды. Франциядан келген профессорлар, Қырғызстанның оқытушылары мен кешегі студенттер бір арнада тоғысып, емін-еркін, тең дәрежеде пікір алмасты.

Жазғы мектептің бағдарламасына тек ең соны, өзекті трендтер енген. Мәселен, ұстаздарға жасанды интеллектіні тізгіндеу жолдары үйретілді. Студенттердің оқу процесінде ЖИ-ді қалай тиімді пайдалана алатыны, бірақ сонымен бірге оның шекарасын ажыратып, сыни ойлау қабілетін сақтап қалудың маңызы жан-жақты талқыланды.

– Маған, әсіресе, номадизм (көшпенділер мәдениеті) туралы өткен конференция қатты әсер қалдырды. Францияда Орталық Азияны жылдар бойы зерттеп келе жатқан ондаған ғалымдар бар екен. Шара барысында француз режиссерлері түсірген “Continuer” («Жалғасу») атты фильмді талдадық. Фильмде кең байтақ даланы саяхаттап жүріп, іштей өзгерген, есейген жасөспірімнің тағдыры баяндалады. Осы туындының арқауы болған – «не болса да өмір сүруді, оқуды және әлемді тануды тоқтатпа, алға жылжи бер» деген астарлы ой осы сапарымыздың басты ұранына айналды, – дейді Қуаныш Сүлейменқызы.

Сондай-ақ, қатысушылар үшін киелі Түркістанға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, ежелгі «Шымқалаға» және сырлы Ақмешіт үңгіріне саяхат ұйымдастырылды. Бұл тарихи орындар француз профессорларының шынайы таңданысын тудырып, ерекше мәдени әсер сыйлады.

ҚӨУ оқытушыларының сөзінше, бүгінгі заманда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу – бұл уақыт талабы, негізгі база. Бірақ еңбек нарығында шынымен бәсекеге қабілетті болып, оқ бойы озық тұру үшін қосымша артықшылық керек.
Француз тілі – БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның ресми тілі, әлемнің 37 елі осы тілде сөйлейді. Оның үстіне, Франция – қазіргі таңда IT, математика және инженерия саласында Еуропаның көшбасшысы.

– Француз тілінің дыбысталуы қазақ тіліне өте жақын, үндес келеді! Екі тілде де өзіндік төл дыбыстар көп, айтылуы жұмсақ және екпін соңғы буынға түседі. Сондықтан біздің студенттерге бұл тілді меңгеру еш қиындық тудырмайды. Ал егер ағылшын тілін білсеңіз, французшаны екі есе тез үйренесіз, өйткені бұл екі тілдің түбірлес сөздері 60 пайызға жуықтайды, – дейді филолог мамандар.

– Soyez ouvert et continuez de faire ce que vous aimez (жүрегің қалаған жолдан таймай, жаңа дүниеге ашық бол)! Біз елге үлкен шабытпен және дәрістерімізге енгізіп жатқан соны идеялармен оралдық. Өрістеріңізді кеңейтіңіздер! – деп қорытындылады Анна Сухова.

ҚӨУ ұстаздары осындай тағылымды сапарды ұйымдастырып, қолдау көрсеткен ҚӨУ басшылығына шексіз алғыстарын білдіреді.

Қабылдау комиссиясы