Бұл университеттің Францияның Қазақстандағы елшілігімен көпжылдық серіктестігінің кезекті нәтижесі. Жобаның тамыры 2004 жылдан бастау алады. Сол жылы Француз орталығы ашылып, университет Франциядағы University of Perpignan Via Domitia оқу орнымен келісімге қол қойған.
Содан бері отыздан астам студент Францияда білім алып, тәжірибе жинаған. Ал биыл қыста елшіліктің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуаның (Sébastien de Courtois) сапары барысында бұл келісім ресми түрде ұзартылды.
Французша мүдірмей сөйлеуді армандаған ҚӨУ студенттері үшін таптырмас мүмкіндік! Енді тілді тікелей француздың өзінен меңгере алады.
«Тарихты оқып, жапон тілін үйреніп жүрдім. Кейін ана тіліме қайта оралып, оқытушылық жолды таңдадым. Сөйтіп, француз тілін шет тілі ретінде оқытуға құқық беретін DAEFLE дипломын алдым.
Әлемнің бірнеше елінде еңбек еттім. 2021 жылы Ресейде, оған дейін Камбоджа, Венгрия және Үндістанда болдым. Ал былтыр Өзбекстанның Ташкент қаласында сабақ бердім», – деп әңгімесін бастады Антуан Коллине.
– Енді, міне, Қазақстандасыз. Тілді мүлдем білмейтін студенттерге сабақ беру қиын емес пе?
– Иә, қиындықтар болуы мүмкін, бірақ студенттеріңіздің білімге деген құштарлығы өте жоғары. Ашық, ақжарқын оқушылар екен.
Мен қазір орыс тілін үйреніп жүрмін. Сондықтан, французша әлі еркін сөйлей алмайтындар болса, орыс тілінде әңгімелесе аламыз.
Антуанның пікірінше, ең бастысы – өзара түсіністік пен шәкірттің білімге деген құштарлығы.
– Алғашқы сабағыңыз да өтіпті. Қандай әсер алдыңыз?
– Алғашқы дәрісте студенттер мені жылы қарсы алды. Олар белсенді, ашық-жарқын. Француз тілін меңгеріп, жақсы нәтижеге жетеміз деп сенемін.
Шынымды айтсам, французша сөйлегісі келетін, Францияның мәдениетіне қызығатын адамдарды көрген сайын қуанамын. Сондықтан болар, студенттеріме шәкірт емес, дос ретінде қараймын.
– Француз тілін әдемі, бірақ үйренуге қиын тіл деп жатады. Сіздің пікіріңізді білсек?
– Француз тілі – мағыналық реңкі өте бай тіл. Сын есімдер өте көп, әр сөздің өзіндік реңкі бар.
Кейде сөздің түпкі астарын бір ғана грамматикалық ережемен түсіндіру мүмкін емес. Ойды дәл жеткізе білу, сөзді орнымен таңдау, оның қандай әсер беретінін жүрекпен сезіну маңызды. Француз тілін үйренгенде, міне, осындай кішкентай, бірақ өте маңызды тұстарға көңіл бөлген жөн.
– Сіз үшін тіл үйретудің ең қызықты тұсы?
– Тіл арқылы жаңа мәдениеттерді тану. Францияға, біздің мәдениетке қызығатын адамдармен жүздесіп, әңгімелескенді ұнатамын. Сондықтан ұстаздық ету мен үшін ережені жаттату немесе дыбысты дұрыс айтқызу емес. Бұл адамдармен танысып, әңгімелесуге, бір-бірімізді жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін жұмыс.
– Білім ордамызда бір оқу жылын өткізеді екенсіз. Қандай жоспарларыңыз бар?
– Сабақ беремін, сонымен бірге қазақ мәдениетін де жақыннан танығым келеді. Сәті түсіп жатса, елді аралап, қазақ жазушыларының кітаптарын оқып, фильмдерін көргім келеді.
Бір-екі жақсы фильмді ұсынып еді. «Мариам» деген фильмді қарадым, өте мұңды екен...
– Қостанайға келерден бұрын Қазақстан туралы не білдіңіз?
– Қазақ хандарынан хабарым болды. Енді осы тақырыпты тереңірек зерттеуге мүмкіндік туатын шығар. Бір студент қазақтың бегімі, ханшасы туралы фильмді көруге кеңес берген еді. Гумилёв сияқты авторлардың бұл өңірге неге қызыққанын, Орталық Азияның тарихын тереңірек зерттегім келеді.
– Тіліміз бен мәдениетіміз ғана емес, Қазақстанның тарихы да қызық болып тұр ғой.
– Иә, Қазақстан мен Орталық Азияның тарихына қызығамын. Еліңізді, оның өткенін, мәдениетін жақсырақ танығым келеді. Қазақстанда болуымдағы маңызды мақсаттарымның бірі де осы.
– Костанайға келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Бірақ жергілікті жұрттан не байқадыңыз?
– Қазақтардың қонақжайлығы мен ақжарқындығы бірден баурап алды! Мысалы, жақында пойызда келе жатып, бейтаныс жолаушылармен шай, кофе бөліскен едім. Француз халқы, мәдениеті жайлы ұзақ әңгіме дүкен құрдық.
Бір әже тіпті французша бірнеше сөз айтып, артынан Ванесса Парадидің әнін шырқап берді!
Пойызда жолсерікпен шай ішіп, сыр ақтару таңсық дүние емес қой. Ал елімізге алғаш келген шетелдік үшін мұндай кішкентай, жылы сәттер өмір бойы естен кетпес естелікке айналары сөзсіз.
– Сұхбат басында студенттеріміздің ынтасы жоғары екенін айттыңыз. Енді оқу жылының соңында қандай нәтижеге қол жеткізгіңіз келеді?
– Жыл соңында аудиториядан нағыз француздарды көргім келеді!, – деп күледі Антуан.
– Ал шындап айтсам, француз мәдениетін еркін сезініп, еш қымсынбай ашық диалог құра алатын жастарды көргім келеді. Арамызда шынайы франко-қазақ достығы орнаса деймін.
Ең бастысы – бір-бірімізбен еркін сөйлесіп, түсінісе білу.
– Француз тілін үйренгісі келетін студенттерге қандай кеңес бересіз?
– Жолда кездескен жаңағы әже сияқты ән айтыңыздар! Әрине, бәріңізді сабағыма шақырамын. Французша көбірек сөйлесейік.
Сөйлеуден ұялмаңыздар. Неғұрлым көп жаттықсаңыздар, соғұрлым нәтижесі де тез болады. Бір күні французша еркін сөйлесіп жүргендеріңізді байқамай да қаласыздар.
Биылғы оқу жылы Baitursynuly University-дің @kaf.in.phil.kru студенттері үшін жаңа, есте қалар сәттерге толы болмақ. Олар тұрмыста қолданылатын нағыз француз тілін үйреніп, елдің мәдениеті жайлы сұрастырып, ұлтымызға қызығушылығы бар шетелдікке салт-дәстүрімізді де таныстыра алады.
Антуан Коллине үшін де оқу жылы тың жаңалықтарға толы болғалы тұр. Қазақстанды кітап не фильмнен емес, жолшыбай кездескен жандардан, студенттердің әңгімесінен, күнделікті тұрмыстан танымақ.
«Bonjour, қош келдіңіз, monsieur Antoine!».
Жаңа оқытушымыз бен студенттерімізге жемісті оқу жылын тілейміз!
Кім біледі, келер көктемде французша сөйлесу үшін кітаптың да қажеті болмай қалар.








