ТАРИХПЕН жүздесу

Жаңа оқу жылының алғашқы сабағын дәрісханада емес, мүлдем басқаша форматта өткізсек ше?

Жиырма жылдан астам уақыт бойы Baitursynuly University профессоры Айбек Шалғымбеков оқу жылының басында тарихшы студенттерді Ыбырай Алтынсарин кесенесіне апаруды дәстүрге айналдырған.

Бұл жолы бастамаға ҚӨУ пединститутының «Тарих және қоғамтану» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері мен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 2-курс журналист-студенттері қосылды.
Қазір академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Ualikhanov University-дің 12 студенті ҚӨУ-дің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінде білім алып жатыр.

Биыл алғаш рет экскурсияның бір бөлігін 3-курс студенті Санжар Үсенов жүргізді. Студент бастапқыда сәл толқығанын жасырмайды.

«Алғашында толқу болғанымен, әңгімемді бастаған едім, сол мезетте-ақ уайымым басылды. Ұмытып та кеттім. Ең қуантарлығы – студенттердің қызығушылығы. Қазақ даласының алғашқы ағартушы-педагогтарының бірі болған Ыбырайдың өмірі мен қызметі жайлы ақпаратты шын ықыласпен тыңдады. Бұл экскурсия мен үшін, болашақ тарих пәні мұғалімі ретінде таптырмас тәжірибе болды», – дейді Санжар.

Экскурсия барысында студенттер Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолымен танысып, сирек айтылатын деректерге де қанықты.
Маңызды фактілердің бірі – ол орыс қоныс аударушыларының балаларына арналған мектептерді қолдаған және оның бастамасымен «Торғай газетінде» қазақ тіліндегі материал жарық көрген.

Сабақтың жалғасы университет қабырғасында өтпек. Студенттер жаңа деректерді іздеп, музей материалдарымен жұмыс істейді және оларды семинарларда талқылайды.

Кесене басындағы дәстүрлі сабақ аудиториядағы қызықты ғылыми жұмыстың бастауына айналды. Иә, тарихты жай оқымай, оны өз көзіңмен көріп, сезіну керек.

Қабылдау комиссиясы