Baitursynuly University филология және практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Әбсадық Алмасбек Ахметұлы Түркияның Измир қаласындағы Ege Üniversitesi жанындағы Түркі әлемін зерттеу институтына ғылыми сапармен барды.
Сапардың мақсаты – ғылыми тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастықты дамыту
Алмасбек Ахметұлы алғашқы дәрісін институт ғалымдары мен докторанттарына арнап оқыды. Абылай хан туралы аңыздар тақырыбындағы баяндама түрік әріптестер тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Дәрістен соң пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан мазмұнды сұрақтар қойылды.
Институт директоры Абдоллах мырза дәріс-семинарға ризашылығын білдіріп, профессордың еңбектеріне жоғары баға берді. Кездесу барысында қазақ аңыздары мен А.Байтұрсынұлы туралы ғылыми кітаптар сыйға тартылып, оларды түрік тіліне аудару мәселесі қозғалды.
Ғалым сапар аясында институттың негізін қалаған, танымал түркітанушы, 80 жастағы Prof. Dr. Fikret Türkmen мырзамен де жеке кездесіп, сұхбаттасты. Түркі әлемінің мәдени мұрасына өлшеусіз еңбек сіңірген ақсақал қазақ халқына ыстық сәлемін жолдады.
Сонымен қатар, Ege Üniversitesi әдебиет факультетінде өзбек фольклорының маманы Prof. Dr. Selami Fedakar мырзамен, сондай-ақ қарақалпақ фольклоры бойынша зерттеуші Пынар ханыммен ғылыми пікір алмасты.
1955 жылы құрылған Ege Üniversitesi бүгінде Түркияның жетекші оқу орындарының бірі саналады. 35 мыңнан астам студент, 8 мыңға жуық профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын жоғары оқу орны тіл мен әдебиет ғылымдарының өзегіне айналған.
Демалыс күндері профессор Измир қаласындағы этнографиялық музейде болып, Түркияның әр аймағына тән ұлттық киім үлгілері мен ғұрыптық дүниелерді тамашалады. Музей ғимаратынан табылған жерасты құдығы – ерекше қызығушылық тудырған жайт болды.