ҚӨУ Coursera арқылы әлемге жол тартты

Baitursynuly University оқытушысы әлемдік онлайн-білім беру кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультеті математика және физика кафедрасының меңгерушісі Анар Өтемісова Coursera платформасында авторлық курсын жариялаған алғашқы ҚӨУ оқытушысы.

Coursera – әлемнің жетекші университеттері мен компанияларының онлайн курстары ұсынылатын халықаралық платформа.

2025 жылдың көктемінде университет ұжымы халықаралық деңгейде онлайн-сабақ дайындау мүмкіндігіне ие болған еді.

«Coursera Getting Started with Course Builder» бағдарламасын алғашқылардың бірі болып Анар Алтайқызы тәмамдап, іске кіріседі.

«Халықаралық ауқымдағы алып платформада автор атанып, бағымды сынағым келді. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе», – дейді педагог.

Бағдарламаның құрылымы, әдістемелік жинақтар, практикалық тапсырмалар мен тест сұрақтары – бәрі автордың еңбегі.

Ал видеодәрістер университеттің заманауи медиастудиясында таспаланды. Үш аптаға шақталған «Матричная алгебра для начинающих» курсы 11 бейнедәріс пен 3 модульден тұрады.

Теориялық білім практикамен бекітіліп, соңында тест арқылы тексеріледі.

Басты артықшылығы – күрделі математикалық ұғымдардың жеңіл тілде түсіндірілуінде.

«Матрица дегеніміз – кәдімгі кесте. Мәселен, сабақ кестесі немесе айлық жалақы парақшасы. Қатарда қызметкерлердің аты-жөні, ал бағанда айлар жазылады. Күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы матрицаның қалай жұмыс істейтінін және не үшін керек екенін жеңіл тілде жеткізуге тырыстым», – дейді Анар Өтемісова.

Курс математиканы енді ғана меңгере бастаған студенттерге және бұл тақырыпты нөлден бастап үйренгісі келетін кез келген оқырманға арналған.
Тіркелу және оқу толығымен тегін.

Педагог әріптестерін де батыл қадамдар жасауға шақырады:

«Камерадан қорықпай, үйреншікті шеңберден шыға білу керек. Дәрісті пайдалы әрі қызықты ету үшін жаңа құралдарды, слайдтар мен анимацияны пайдаланған жөн».

Енді ҚӨУ-де, Қостанайда әзірленген білімді әлемнің кез келген жерінен оқуға мүмкіндік бар.

Анар Алтайқызын осынау зор жетістігімен ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! Сізді мақтан тұтамыз!!!


Қабылдау комиссиясы