Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті жанындағы Король Седжон институтына Sejong Korean Language Assessment (SKA) халықаралық емтихан өткізу жөніндегі ресми орталық мәртебесі берілді. Бұл – Корея Республикасындағы Король Седжон институты қорының корей тілі бойынша халықаралық емтиханы.
Қордың ресми шешіміне сәйкес, 2026 жылы қосымша іріктеу нәтижесінде әлем бойынша SKA емтиханын өткізу құқығына ие болған небәрі бес шетелдік орталық бекітілді. Олардың қатарында Индонезия, Қырғызстан, Қазақстан, Вьетнам және Ирандағы Король Седжон институттары бар.
Осылайша, Қостанайдағы Король Седжон институты Қазақстанда SKA халықаралық емтиханын өткізу құқығына ие болған жалғыз орталық атанды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ жанындағы Король Седжон институтының директоры Нағима Манасбаева:
– SKA емтиханын өткізетін ресми орталық мәртебесіне ие болу – біздің ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға, әрі Король Седжон институты қорының сенімі. Бұл біз үшін тек корей тілін оқыту сапасының мойындалуы ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тұрғындарына елден шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі сертификат алу мүмкіндігін ұсынатын жаңа кезең. Бұл бастама Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім беру және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал етеді деп сенеміз, – дейді.
Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті жанындағы Король Седжон институты – Қазақстандағы корей тілі мен мәдениетін оқытатын жетекші орталықтардың бірі. Мұнда білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, халықаралық емтихандар ұйымдастырылады, сондай-ақ Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мәдени іс-шаралар мен түрлі жобалар өткізіледі.
Sejong Korean Language Assessment (SKA) емтиханы шетел азаматтарының корей тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған. Оның нәтижелерін Корея Республикасының бірқатар жоғары оқу орындары шетелдік талапкерлерді қабылдау кезінде тілдік дайындықты растайтын басқа құжаттармен қатар мойындайды. Сонымен қатар SKA сертификатының қолданылу аясы біртіндеп кеңейіп, білім беру, академиялық және кәсіби бағыттарды қамтып келеді.
Емтиханның Қостанайда өткізілуі мектеп оқушыларына, студенттерге, оқытушыларға және корей тілін үйренуші барлық азаматтарға халықаралық сертификаттаудан өтуге қолайлы мүмкіндік береді.
Бекітілген кестеге сәйкес, емтиханның жазбаша бөлімі (тыңдалым, оқылым және жазылым) 2026 жылдың 5 қыркүйегінде, ал ауызша бөлімі 6, 12 немесе 13 қыркүйекте өтеді. Емтихан нәтижелері 2026 жылдың 4 қарашасында жарияланады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ жанындағы Король Седжон институтының ресми Instagram-парақшасы: @king_sejong_institute_kostanay.






