ЕРТЕГІ сыйлаған сәт

ҚӨУ-да тек теориялық дайындыққа ғана емес, студенттердің кәсіби ортаға ерте бейімделуіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта жыл сайын жүзеге асырылатын «Инклюзиядағы волонтерлік» бағдарламасының маңызы зор.

Бағдарламаның мақсаты – студенттердің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен өзара әрекеттесуіне жағдай жасау. Жыл сайын бірінші курс студенттері ерекше балаларға арналған іс-шаралар ұйымдастырады және аталмыш бастама дәстүрге айналды.

Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенттері көпшілікке белгілі «Шалқан» ертегісіне театрландырылған қойылым дайындап, көрермендерге ұсынды.

Оңалту және түзету мекемелері жағдайындағы психологиялық-педагогикалық жұмыстың ерекшеліктерімен танысу аясында ерікті студенттер қаланың бірнеше алаңында өнер көрсетті: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Қостанай арнайы кешені «балабақша-мектеп-интернаты», Қостанай қаласының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, «Логопед +» логопедиялық орталығы, «АманатиК» балаларды дамыту орталығы.

ҚӨУ студенттерінің қойылымы балалар үшін көтеріңкі көңіл-күй, жарқын эмоциялар сыйлап, мерекеге айналды. Ал бірінші курс студенттері үшін бұл – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудегі алғашқы және баға жетпес тәжірибе, кәсіби жанашырлықты дамыту, сондай-ақ таңдаған мамандықтарының маңызын терең түсіну мүмкіндігі болды.

Студенттерімізді мақтан тұтамыз және серіктестерімізге жылы қабылдауы үшін алғыс айтамыз! Бірге біз инклюзивті әрі мейірімді қоғам құру жолында маңызды қадам жасап келеміз.

Қабылдау комиссиясы