ҚОРҒАУШЫЛАР: 189 адал ант

ҚР Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚӨУ әскери кафедрасының түлектері салтанатты түрде ант қабылдады.

189 студент ел алдында серт берді: оның 108-і болашақ запастағы офицерлер болса, 81-і – сержанттар. Санаулы күндерден соң олар оқуын тәмамдап, әскери-оқу практикасына аттанады. Ол жақта кафедрада алған теориялық білімдерін полигондағы нағыз жаттығулармен, соның ішінде оқ ату дағдыларымен ұштастыратын болады.

Бүгінгі салтанатты сәтте барша жұрттың назары мен бейнекамералар осы жастарға бағытталды. Әскери ант беру рәсімі өңіріміз үшін айтулы әрі әдемі оқиға ретінде есте қалды.

– Әскери ант – бұл жай ғана дәстүр емес. Бұл – елге қызмет етуге, мемлекет мүддесін қорғауға және қоғамның берік тірегі болуға дайын екендіктеріңіздің белгісі. Біз сіздерді мақтан тұтамыз! – деп атап өтті ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев түлектерді құттықтай отырып.

Baitursynuly University әскери кафедра басшысы, полковник Олег Оборин де ақжарма тілегін білдірді:

– Анттың әрбір сөзінде үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл – қасиетті серт. Студенттеріміздің нағыз Отан қорғаушы боларына кәміл сенемін. Сонымен қатар, бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, оларға қолдау көрсетіп, сенім артқан ата-аналарға ерекше алғыс айтамын.

ҚӨУ әскери кафедрасы 2016 жылы құрылған. Бүгінде 100-ден астам түлегіміз қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және өзге де құрылымдарда абыроймен қызмет етіп жүр.

Әскери кафедрада оқу – негізгі мамандықпен қатар әскери дайындықтан өтуге таптырмас мүмкіндік. Мұнда күндізгі бөлімнің 1–2 курс студенттері қабылданады. Ол үшін психологиялық тест тапсырып, дене шынықтыру нормативтерін орындау және жоғары GPA көрсеткішін растау қажет.

Айта кетерлігі, грантта оқу мүмкіндігі өте жоғары: мысалы, бөлінген 150 орынның 80-ге жуығы тегін. Рейтингте жоғары орын алу үшін оқу үлгерімі (GPA) жақсы болуы шарт.

Биылғы ант беру рәсімінде аруларымыз да сап түзеді. Әскери кафедрада білім алған 19 бойжеткен де Отанға адал болуға серт берді.

Әскери кафедра түлектерін ант қабылдауларымен ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! Сіздер – ҚӨУ-дің мақтанышысыздар!

Қабылдау комиссиясы