Сөз өнеріне адалдық

Бүгін Baitursynuly University қабырғасында филологтардың, журналистер мен медиасарапшылардың басын қосқан «Жаһандану жағдайындағы медиадискурс және ұлттық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бұл алқалы жиын қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілі, ақын, жазушы әрі ҚӨУ журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының профессоры Ақылбек Шаяхметтің 75 жылдық мерейтойына арналды.

Салтанатты шараға мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері, әлеуметтік-гуманитарлық факультеттің ұжымы, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстанның белгілі мәдениет қайраткерлері қатысты.

- Биыл ақиық ақын 75 жасқа толып отыр. Мерейтой иесінің туған күні өз туған жері – Жітіқара ауданында Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен кең көлемде атап өтілген болатын. Ал бүгін қара шаңырағымызда университетіміздің мақтанышы әрі ардақты тәлімгері болғандықтан, арнайы құттықтап, құрмет көрсетуді жөн көрдік. Ол отбасында үлгілі әке, ұжымда өнегелі ұстаз, достар арасында өте сыйлы жан. Сіздің мол тәжірибеңізді жоғары бағалаймыз және студенттер игілігі үшін бірлесе атқарар жобаларымыз әлі де көп болатынына сенімдіміз. Аға, туған күніңіз құтты болсын!, – деп құттықтады ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев.

Мерейлі жиынның мәртебелі қонақтары қатарында түркі әдеби әлемінің танымал тұлғалары болды:

Шара барысында ҚӨУ ректоры алыстан ат терлетіп келген меймандарға жоғары марапаттар табыс етті.

Әдебиет пен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлықбек Есдәулет пен Ильгар Тюркоглы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгімен, ал Жолдошбек Монолдоров «Қобыланды» төсбелгісімен марапатталды.

Аталы дәстүр бойынша мерейтой иесі де сый-сияпатсыз қалмады. Әріптестері мен университет ұжымы ақынның иығына салтанатты түрде шапан жауып, бағалы тартуларын ұсынды.

Әзербайжандық мейман Ильгар Тюркоглы құттықтау сөзінде ақжолтай жаңалығымен бөлісті:

– Қалдарыңыз қалай? Осы сәтті пайдаланып, кішігірім құпияның шетін ашқым келіп тұр: менің ұлым дәл осы қара шаңырақта – ҚӨУ-де магистратураны үздік бітіріп, қызыл диплом алды!

Шетелдік әріптестердің университетімізге деген мұндай жоғары сенімі – біз үшін үлкен мәртебе.

Бұл күні жылы лебіздер тек төрден ғана емес, онлайн форматта да толассыз түсіп жатты. Zoom платформасы арқылы конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған әріптестері мен замандастары қосылып, ізгі тілектерін жолдады.

Шараның ресми бөлімі мәдени бағдарламамен үйлесім тапты: күмбірлеген күй тартылып, жүрекжарды тілектер айтылды. Сонымен қатар, жиында қазіргі медиа кеңістіктің ахуалы және ондағы ұлттық құндылықтардың тоғысуы мен интеграциялануы секілді маңызды мәселелер талқыға түсті.

Мерекелік жиынның соңында сөз алған Ақылбек Шаяхмет барша қатысушыға алғысын білдірді:

- Келген барша қонақтарға, көрсеткен құрметтеріңіз бен бағалы сыйлықтарыңызға көп рақмет. Алда әлі талай ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Жас қаламгерлерді біліммен сусындатып, шығармашылыққа баулып, қаламымды ұштауды тоқтатпаймын.

Қабылдау комиссиясы