Осындай тәжірибеге Baitursynuly University жаратылыстану пәндері кафедрасының меңгерушісі, «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми жобасы бойынша түлегі Гаухар Баубекова қол жеткізді.
Тағылымдама Болгарияның София қаласындағы Орман техникалық университеті (ЛТУ) базасында өтті.
аухар Баубекова әріптестері, кафедра оқытушылары Шыңғыс Тәуекелов пен Севара Дарибаевамен бірге қоршаған орта экологиясы мен метеорология саласындағы заманауи тәсілдерді зерттеді.
– Біз үшін бұл шетелдегі экологиялық зерттеулердің қалай ұйымдастырылатынын көруге, заманауи зертханалармен және қоршаған ортаны талдау әдістерімен танысуға үлкен мүмкіндік болды.
Мұндай тәжірибе оқытушылар мен зерттеушілер үшін аса құнды, – дейді Гаухар Қонысбайқызы.
Тағылымдама барысында ғалымдар су, топырақ және ауаға химиялық және физика-химиялық талдау жүргізу әдістерін меңгеріп, Болгария Республикасының «Зерттеу инфрақұрылымын дамытудың ұлттық жол картасы (2020–2027)» атты ғылыми мониторингтік жобасына қатысты.
Жұмыс тек зертханаларда ғана жүргізілген жоқ. Жоба қатысушылары далалық зерттеулерге шықты, материалдар жинап, болгариялық әріптестермен бірлесіп экологиялық нысандарға талдау жүргізді.
– Әсіресе мониторингтік зерттеулер жүргізу тәжірибесі қызықты болды. Біз далалық материал жинауға қатысып, ғылыми жұмыстың ұйымдастырылуын бақыладық, әрі өзіміз де талдаулар жасадық. Бұл қоршаған орта нысандарын зерттеудегі еуропалық стандарттарды тереңірек түсінуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті ол.
Практикалық жұмыстардан бөлек, ҚӨУ өкілдері «Білім – Ғылым – Бизнес» өзара ықпалдастығы аясындағы экологиялық білім беру мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар мен ғылыми семинарларға қатысты.
Алынған білім бүгінде университеттің білім беру үдерісіне белсенді енгізілуде. Кафедрада «Табиғатты ұтымды пайдалануға арналған экологиялық ағарту» және «Қазақстанның тұрақты дамуы» атты майнорлар әзірленіп, оқу бағдарламасына енгізілді.
Сонымен қатар магистрлік зерттеулерде тағылымдама барысында меңгерілген заманауи талдау әдістері қолданылуда.
– Мұндай бағдарламалардың басты құндылығы – тек жаңа білім алып қана қоймай, оны студенттер мен жас зерттеушілерге бейімдеу мүмкіндігі. Қазіргі таңда біз жаратылыстану бағытындағы болашақ мұғалімдерді даярлауға жаңа тәсілдерді енгізіп жатырмыз, – дейді Гаухар Қонысбайқызы.
Бүгінде жаратылыстану пәндері кафедрасы мектеп пен жоғары оқу орнын ықпалдастыру арқылы қоршаған орта нысандарына мониторингтік зерттеулер жүргізуге бағытталған ғылыми-білім беру жобасымен айналысуда. Жоба ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін біріктіріп, студенттерді нақты экологиялық зерттеулерге тартуға мүмкіндік береді.
Шетелдік тағылымдаманың нәтижелері ғылыми жарияланымдарда да көрініс тапты – ҚӨУ ғалымдарының зерттеулері Scopus базасында индекстелетін және ҚР Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда жарияланды.
– «Болашақ» бағдарламасы ғалымдарға кәсіби әрі ғылыми тұрғыда дамуға бірегей мүмкіндік береді. Бұл – тек маманға ғана емес, жалпы университет ғылымы мен білімінің дамуына жасалған инвестиция, – деп есептейді кафедра меңгерушісі.








