Бұл күні қара шаңырақ табиғат тағдырына бейжай қарамайтын, білімге құштар Қостанай облысының белсенді мектеп оқушылары бас қосқан нағыз ізденіс алаңына айналды. Айтулы жиын белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы Лидия Курочкинаның рухына бағышталды.
Алқалы жиынның шымылдығын ҚӨУ Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы Алмабек Нұғманов пен факультет оқытушылары ашты. Олар өз сөзінде экологиялық тәрбиенің өзектілігін, мектеп қабырғасынан бастап зерттеумен айналысудың маңыздылығын қадап айтты. Сондай-ақ, аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты күш – дәл осы білімді де жалынды жастар екеніне сенім білдірді.
Жас зерттеушілер өзектілігі жоғары жобаларын ортаға салды. Олардың ішінде өсімдік шикізатынан биопластик алу, қыс мезгіліндегі тұз-құм қоспасына қауіпсіз балама табу, әлем елдерінің экологиялық саясатын саралау және заттарды қайта өңдеу сияқты соны идеялар бар. Сонымен қатар, оқушының «экологиялық ізін» анықтау, Шұбаркөл көлінің жай-күйін зерттеу және еріктілердің экологиялық бастамаларын дамыту мәселелері де кеңінен қозғалды.
Әрбір баяндамадан жастардың жоғары дайындығы, шынайы жанашырлығы мен қоршаған ортаны қорғауға деген құлшынысы анық байқалды. Өрендер табиғатқа деген қамқорлықтың жеке жауапкершілік пен нақты істен басталатынын іс жүзінде дәлелдеп берді. Бұл конференция ғылым мен шабыт тоғысқан, экологиялық мәдениет дәріптелген нағыз мерекеге айналды. Осылайша, еліміздің ертеңі ойы зерек, ісі ілкімді жастардың қолында екенін тағы бір мәрте паш етті.









