ШЫҰ форумындағы жаңа мүмкіндіктер

Baitursynuly University ректоры Сеитбек Қуанышбаев Қытайда өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының V форумына қатысуда.

Сонымен қатар Жібек жолы ауыл шаруашылығы білім беру және ғылыми инновациялар альянсының XI дәстүрлі конференциясы да өтіп жатыр.

Ауқымды халықаралық алаңға жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен сарапшылар ауыл шаруашылығының, ғылым мен білімнің келешегін талқылау үшін бірікті.

Форумда қозғалатын негізгі тақырыптар – агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау, озық технологияларды енгізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және саланың тұрақты дамуы.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, университеттер арасындағы серіктестікті дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру, жаңа буын мамандарын даярлау, сондай-ақ халықаралық жобалар мен гранттық бастамаларды іске асыру мәселелері талқылануда.

Форум аясында Қазақстанның қуаңшылық аймақтарында ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру бағытындағы ынтымақтастық мәселелері де қарастырылуда.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ғылыми журналын шығару бастамасы талқыланды. Бұл басылым ғылыми зерттеулер мен озық тәжірибелермен алмасуға арналған жаңа халықаралық алаңға айналмақ.

Baitursynuly University-дің аталған форумға қатысуы халықаралық байланыстарды нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және ШЫҰ елдері мен Жібек жолы кеңістігіндегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қабылдау комиссиясы