Yunnan University тәжірибесі

Baitursynuly University ғалымдары ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардағы саркоцистозды диагностикалау әдістерін жетілдіруге арналған ғылыми жобалар аясында Қытайдың Куньмин қаласындағы Yunnan University университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тағылымдамаға университеттің ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің өкілдері – ветеринариялық медицина кафедрасының профессоры Күләй Сүлейманова, ветеринариялық медицина кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Зұлқия Әбілова, сондай-ақ Инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының биологиялық текті шикізат пен тағам өнімдерін бақылау зертханасының меңгерушісі, PhD Жанайдар Бермұхаметов қатысты.

Тағылымдама барысында құстар мен ауыл шаруашылығы жануарларындағы саркоцисттарды зертханалық диагностикалаудың заманауи әдістеріне, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдеріндегі антибиотиктердің қалдық мөлшерін анықтау тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Ғалымдар қоздырғыштарды молекулалық-генетикалық сәйкестендіру, ПТР-диагностика, морфологиялық және гистологиялық зерттеу әдістерін меңгеріп, саркоцисттардың түрлерін анықтау мен ажыратуда қолданылатын заманауи зертханалық технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.

Бағдарлама аясында мамандар Yunnan University университетінің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысып, молекулалық биология, паразитология, гендік инженерия және ветеринариялық медицина зертханаларында болды. Онда паразиттік ауруларды диагностикалаудың озық технологияларын зерделеп, қытайлық әріптестерімен тәжірибе алмасты.

Жұмыс кездесулерінде паразитология, ветеринариялық медицина және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы бірлескен ғылыми зерттеулердің келешегі, саркоцистозды диагностикалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу, халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жарияланымдар дайындау және зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелері талқыланды.

Тағылымдама қорытындысы бойынша Yunnan University мен Baitursynuly University арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың саркоцистозын диагностикалау, азық-түлік қауіпсіздігі бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ ветеринария саласындағы ғылыми әзірлемелер мен тәжірибе алмасуды дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.

Қабылдау комиссиясы