Форумға мектеп оқушылары, педагогтар, студенттер, өлкетанушылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов те болды.
Форумдағы қызықтардың бірі — «АЛТЫНСАРИН ІЗІМЕН» квест-ойыны. Қатысушылар Қостанайдың тарихи-мәдени мұрасымен танысып, естелік орындарды аралады, туған өлке тарихынан алған білімдерін сынап көрді.
Облыстық ғылыми-туристік форум ұйымдастыру бастамасын Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айымгүл Омарқанова мен ҚӨУ педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы кафедрасының аға оқытушысы Дидар Жұмекенова көтерді.
Олардың ортақ мақсаты – өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, көрнекті ағартушының есімін ұлықтау және заманауи туристік, білім беру, зерттеу тәсілдері арқылы жастардың туған өлке тарихын танып-білуге деген қызығушылығын арттыру.
«АЛТЫНСАРИН ІЗІМЕН» квест-ойынын өткізу идеясы «Туризм» білім беру бағдарламасы аясында оқытылатын «Экскурсиятану», «Туристік өлкетану» және «Event-менеджмент» пәндері барысында туындаған. Университет пен мемориалдық музей арасындағы ынтымақтастықтың арқасында оқу үдерісінде пайда болған бастама нақты жобаға айналды.
Осылайша өлкетану, туризм және ғылыми-зерттеу жұмысын бір арнаға тоғыстыру идеясы жүзеге асты. Бұл оқушыларға ұлы ағартушының мұрасымен танысып қана қоймай, тарихты өздері зерттеп, өткенмен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
Форумға Қостанай облысының мектептерінен 15 команда қатысты. Оның бесеуі Қостанай қаласынан, төртеуі Рудныйдан келсе, алтауы Амангелді, Әулиекөл, Қарасу, Қарабалық, Федоров және Қостанай аудандарынан қатысты.
Әр команда бес адамнан, 10–11-сынып оқушылары мен олардың жетекші мұғалімінен құралды. Жас қатысушылар форумға жеңіс үшін ғана емес, жаңа білім алып, тың жаңалықтар ашу және өз мүмкіндіктерін сынап көру үшін де келді.
Ең алғашқы кезең — Ыбырай Алтынсарин мұрасымен танысу мақсатында мемориалдық музейден басталды. Мұнда қатысушылар ұлы ағартушының өмір жолы, педагогикалық идеялары мен қазақ білімінің дамуына қосқан үлесі туралы мағлұмат алды.
Ыбырай Алтынсарин шығармаларын мәнерлеп оқу байқауы да мұражайда өтті.
Форумның ең қызықты кезеңі — «АЛТЫНСАРИН ІЗІМЕН» квест-ойыны.
Квест Қостанай қаласының орталығында өтті. Бұл жолы оқушыларға үйреншікті тыңдаушы рөлінен шығып, ізденуші ретінде өздерін сынауға тура келді.
Қала орталығындағы жеті локация үлкен тарихи маршруттың аялдамаларына айналды. Командалар жеребе нәтижесіне сәйкес сапарға шықты. Әр топқа «Туризм» білім беру бағдарламасының студенттері гид ретінде бекітілді.
Қатысушылар маршрут парағын QR-кодты сканерлеу арқылы алды. Бұдан кейінгі тапсырмаларды орындау олардың байқампаздығына, білім деңгейіне және топпен жұмыс істей білуіне байланысты болды. Оқушылар жұмбақтардың шешімін тауып, қажетті нысандарды анықтап, түрлі тапсырмаларды орындады, қала тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Бұл кезеңде жылдамдық пен жауаптардың дұрыстығы ғана емес, ұсақ-түйекке дейін мән беру маңызды болды. Кейде шағын жазу, ескерткіш немесе сәулет ерекшелігі қажетті ишараны табуға және маршруттың келесі нүктесіне жетуге көмектесті.
Маршруттағы нысандардың бірқатары екі көрнекті ағартушы – Ыбырай Алтынсарин мен есімі университетке берілген Ахмет Байтұрсынұлының мұрасымен байланысты болды. Қатысушылар музейлер мен ескерткіштерді, Ы. Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын, мектеп-интернатты және қаланың басқа да тарихи орындарын аралады.
Маршрутты аяқтағаннан кейін қатысушылар тест тапсырды. Бұл кезең олардың сапар барысында жинақтаған білімін қаншалықты меңгергенін тексеруге мүмкіндік берді.
Байқаудың тағы бір кезеңі ғылыми мақалалар конкурсы финалистерінің зерттеу жұмыстарын таныстыруына арналды.
Әр команда ұйымдастырушылар ұсынған тақырыптық бағыттардың бірі бойынша ғылыми жұмыс дайындады. Мақалаларды ақын-жазушы, ҚӨУ профессоры Ақылбек Шаяхмет пен қоғам қайраткері, университет профессоры Қалқаман Жақып сияқты зиялылардан құралған қазылар алқасы бағалады.
Іріктеу қорытындысы бойынша үздік алты жұмыс финалға өтті. Олардың авторлары форум қатысушыларына өз зерттеулерінің нәтижелерін таныстырды.
Жеңімпаздар төрт кезеңде – мәнерлеп оқу, квест-ойыны, тестілеу және ғылыми жобаны қорғау барысында жинаған ұпайларының жиынтығы бойынша анықталды:
Бірінші орынды және 300 мың теңгелік сертификатты Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының командасы иеленді.
Екінші орын мен 200 мың теңгелік сертификат Қостанай қаласының А.М.Горький атындағы гимназия командасына бұйырды.
Үшінші орын мен 100 мың теңгелік сертификат Қарасу ауданының Октябрь жалпы білім беретін мектебінің командасына табысталды.
Форумның барлық қатысушыларына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді.
Бұдан бөлек, мектеп оқушылары үшін ҚӨУ-нің Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар университеттің тыныс-тіршілігімен, білім беру мүмкіндіктерімен және студенттік өмірімен танысты.















