Бүгін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Менің аулам – менің бағым» экологиялық жобасы аясында оқу орнына жүз түп көшет егілді.
Абай даңғылының бойындағы корпус төңірегіне отырғызылған жеміс шыбықтарын егуге оқу орнының басшылығы, оқытушылар мен студенттер бір кісідей жұмыла атсалысты.
«Табиғатқа деген қамқорлық бір сәттік науқанмен шектелмеуі тиіс. Бүгін, міне, алма, алмұрт және алхоры сияқты ағаш көшеттерін отырғыздық. Жастарымыз білім ордасының ертеңгі экологиялық келбеті мен өркендеуі бүгінгі ортақ еңбек пен ниетке тікелей байланысты екенін терең түсінуі қажет», – дейді ҚӨУ-дің зерттеулер, инновациялар және цифрландыру жөніндегі проректоры Жеңіс Жарлығасов.
Алдын ала жүз шұңқыр қазылып, тиісті құрал-саймандар мен су құятын ыдыстар сайланды.
Негізгі идея – студенттер мен оқытушылардың ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап тапсыратын бастамасында.
Университет корпусының бір қапталына алманың бес түрлі сұрпы орнықса, екінші бетіне алхоры шыбықтары егілді.
Ал алмұрт көшеттері жатақхана ауласын көркейтпек.
Әрине, көшет егу – ауқымды еңбектің бастауы ғана. Шыбықтардың тамыр жайып, өсіп-жетілуі, жеміс беруі тұрақты күтім мен ерекше бапты талап етеді.
Студенттеріміз өздері отырғызған алма-алмұрттың дәмін көруге асық.
Түлектердің артынан Baitursynuly University-мен бірге тамыр тартып, ҚӨУ студенттерінің талай буынына естелік болып қалатын тірі мұра қалдыру – бұл экожобаның ең үлкен мәні.























