Бұл сапардың мақсаты – жарысқа қатысып қана қоймай, әлемдік тәжірибені зерделеу, студенттердің инженерлік жобаларын жетілдіруге қажетті жаңа білім мен дағдыны меңгеру.
Жобаның түпкі мақсаты – теорияны тәжірибемен ұштастыра білетін, өндіріс талабына сай мамандар даярлау. Өйткені болашақ инженер автокөліктің құрылымын біліп қана қоймай, оның әр бөлшегін жобалап, құрастырып, жұмыс істеу принципін де жетік меңгеруі керек.
Осы бағытта студенттер теориялық зерттеуден, компьютерлік модельдеуден бастап, сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарға арналған бағдарламалар әзірлеуге дейінгі жұмыстарды өздері атқарады.
«Formula Student» жарысында командалар спорттық автокөліктің үлгісін жасап, оны жобалау, құрастыру және сынақтан өткізу кезеңдерінен өтеді. Көліктің техникалық мүмкіндіктері, сыртқы дизайны, сенімділігі мен қауіпсіздігіне де ерекше мән беріледі.
Baitursynuly University ректоры Сейтбек Куанышбаевтың айтуынша, университет делегациясы жарыстың ұйымдастырылу тәртібімен, техникалық талаптарымен және бағалау өлшемдерімен танысып жүр. Жинақталған тәжірибе алдағы уақытта ҚӨУ болидін халықаралық жарыс жолына шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыстың алғашқы нәтижесі де бар екендігі көпшілікке мәлім. Университеттің Машина жасау саласындағы озық технологиялар орталығының жетекшісі Валерий Сисиннің басшылығымен студенттер өздерінің алғашқы жарыс көлігін құрастырған болатын.
Болидтің идеясы мен моделін әзірлеуден бастап, әр бөлшегін жобалап, дайындауға дейінгі жұмыс университет қабырғасында атқарылды.
2026 жылдың көктемінде болидтің тұсаукесер рәсіміне машина жасау саласындағы кәсіпорындардың өкілдері мен университет серіктестері қатысты.
Сол кезде ректор бұл жобаның білім мен өндірісті байланыстыратын маңызды бастама екенін атап өткен болатын.
– Қостанайда толыққанды отандық автокөлік брендін қалыптастыру үшін жұмысты студенттердің өз жобаларынан бастауымыз керек. Біздің басты міндетіміз – машина жасау саласына білікті мамандар даярлау. Студенттер оқу кезінде-ақ автокөліктің қалай құрастырылатынын, оның әр бөлшегі қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде меңгеруі қажет, – деді Сейтбек Куанышбаев.
Болидтің әрбір бөлшегі алдымен цифрлық форматта әзірленіп, компьютерлік сынақтан өткізілді. Модельдеу кезінде барлық көрсеткіш талапқа сай болғаннан кейін ғана бөлшектердің соңғы нұсқасы жасалды.
ҚӨУ студенттері құрастырған бір орындық жарыс көлігі небәрі үш секундта 100 шақырым жылдамдыққа дейін үдей алады. Мұны машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері тәжірибе жүзінде көрсетті.
Университет командасы алдағы «Formula Student» жарыстарында өз болидін сынақтан өткізіп, халықаралық деңгейде таныстыруды көздеп отыр. Әзірге тәжірибе жинақтап, қарқын алып келеміз!


