Олар – «Журналистика» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жастар екі семестр бойы ҚӨУ-да білім алады.
Ualikhanov University-нің академиялық даму департаментінің басшысы Арман Хабдулин ҚӨУ-ға келіп, студенттерге жасалған жағдаймен және университеттің оқу базасымен танысты. Ол біздің университеттің басшылығына студенттерді қабылдап, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Студенттермен кездесуде Арман Хабдулин басқа университетте білім алудың жаңа тәжірибе жинауға, кәсіби дағдыларды шыңдауға және пайдалы байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
ҚӨУ-нің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Әлібек Табылденов журналистика кафедрасының 30 жылдық тәжірибесі туралы айтып, бүгінде республикалық және өңірлік БАҚ-та еңбек етіп жүрген түлектерге тоқталды.
Биыл кафедрада заманауи медиа-студия ашылды. Енді Ualikhanov University-нің студенттері де студияны пайдаланып, бейне және аудиоматериалдар дайындап, журналистиканың жаңа бағыттарын меңгере алады.













