Энергетиктерді даярлаудағы ЕУРОПАЛЫҚ тәсілдер

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің электр энергетикасы кафедрасының профессор ассистенті, техника ғылымдарының кандидаты Светлана Ибрагимова Словакиядағы Жилин университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті. Тағылымдама Словакия Республикасының Ұлттық стипендиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.

Электротехника және ақпараттық технологиялар факультетінде Светлана Ибрагимова COIL (Collaborative Online International Learning) технологиясын пайдалана отырып, электр энергетикалық жүйелерді талдау және модельдеу тақырыбы бойынша жұмыс жүргізді. Жобаның басты мақсаты – Қазақстан мен Словакия студенттерінің ортақ білім беру кеңістігінде білім алуына мүмкіндік беретін халықаралық бірлескен онлайн курсты әзірлеу.

Тағылымдаманың маңызды нәтижелерінің бірі – «Электр желілері мен жүйелері» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасын әзірлеу болды. Бұл бағдарлама алдағы уақытта Baitursynuly University білім беру үдерісіне енгізіледі.

Болашақ энергетик мамандар электр желілерін есептеудің заманауи әдістерін меңгеріп, MATLAB, GNU Octave және басқа да мамандандырылған модельдеу бағдарламаларымен жұмыс істеуді, сондай-ақ Ньютона–Рафсон, Гаусс–Зейдель секілді халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын алгоритмдерді пайдалануды үйренеді.

Тағылымдама барысында Еуропадағы электр энергетикалық жүйелердің құрылу стандарттары, Smart Grid зияткерлік желілерінің жұмыс қағидаттары, электр энергиясы шығындарын есептеу әдістері зерттеліп, Қазақстан мен Словакияның энергетикалық жүйелеріне салыстырмалы талдау жүргізілді. Алынған нәтижелер университеттің білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға және жаңа ғылыми зерттеулерге негіз болады.

Сонымен қатар Светлана Ибрагимова Жилин университетінің заманауи зертханаларымен танысты. Кездесулер барысында ҚӨУ-де осындай зертханалық жабдықтар мен тәжірибелік жұмыстарды енгізу мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек, оқытушы Чехиядағы әлемдік энергетика саласының көшбасшылары – ABB және Hitachi Energy компанияларының өндірістік алаңдарында болып, саладағы озық технологиялармен танысты.

Тағы бір маңызды жұмыстардың бірі – Жилин университетінің доценті Марек Хёгермен бірлесіп Baitursynuly University магистранттарына арналған халықаралық онлайн дәріс өткізу болды. Дәріс барысында студенттер электр жүйелерінің жұмыс режимдерін талдау, қуат ағындарын есептеу және электр желілерінің математикалық модельдерімен танысты.

Тағылымдама барысында меңгерілген білім іс жүзінде де қолданылды. «МежрегионТранзит» АҚ ұсынған деректер негізінде MATLAB бағдарламалық кешені арқылы 110 кВ тарату желісінің жұмыс режиміне талдау жүргізілді. Алынған нәтижелер кәсіпорын мамандарының есептеулерімен толық сәйкес келіп, ұсынылған әдістеменің тиімділігін және оны студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында қолдануға болатынын дәлелдеді.

Тағылымдама халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да серпін берді. Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары бойынша бірлескен гранттық жобаларды әзірлеу, халықаралық онлайн курс құру және академиялық алмасуды кеңейту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар Жилин университетінің электротехника және ақпараттық технологиялар факультеті мен Baitursynuly University-нің машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультеті арасында ынтымақтастық туралы келісім әзірленіп, оған қол қою рәсімі жүргізілуде.

Бұдан бөлек, ҚӨУ оқытушысы Словакияның академиялық ақпарат агенттігі (SAIA) ұйымдастырған халықаралық іс-шараларға қатысып, Австрия, Словакия және Қазақстан университеттерінің ғалымдарымен кәсіби байланыс орнатты. Сондай-ақ Нитрадағы Словакия ауыл шаруашылығы университетінде болып, ауыл шаруашылығы қалдықтарынан органикалық сорбенттерді тиімді, әрі тұрақты өндіру бағытындағы бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Тағылымдама нәтижелері ғылыми жарияланымдарда көрініс тауып, жаңа зерттеулердің бастамасына және электр энергетикалық жүйелердің жұмыс режимдерін модельдеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша зияткерлік меншік нысанын тіркеуге негіз болды.

Қабылдау комиссиясы