Кризисті ҚАЛАЙ байқаймыз және қандай ҚОЛДАУ көрсете аламыз?

14–21 қазан аралығында Baitursynuly University-де «Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және дағдарыстық жағдайларда көмек көрсету» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтті.

Курс Қостанай гарнизонының әскери прокуратурасы мен университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.

Бағдарламаны ҚӨУ-нің Инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығы психология кафедрасымен бірлесіп әзірледі.

Курс тренерлері – №1 емхананың психологы Виктория Хакимова және Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Тарас Нагайцев.

Курсқа әскери психологтар, әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, сондай-ақ Қостанай өңірлік университеті декандарының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Сабақ барысында қатысушылар адамның дағдарыстық жағдайға түскенін және суицидтік қауіп белгілерін анықтау тәсілдерін зерделеп, күрделі жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін және алғашқы психологиялық көмек көрсету әдістерін меңгерді.

Сондай-ақ тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларына, алаңдаушылық тудыратын белгілерді тануға және адамның өз уайымын ашық айтып, қолдау ала алатын қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Практикалық сабақтар қатысушыларға алған білімдерін бекітіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істеу әдістерін тәжірибе жүзінде пысықтауға мүмкіндік берді.

Курс соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.

Мұндай бағдарламалар мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және уақтылы психологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша университет пен бейінді ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қабылдау комиссиясы