ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, салалық мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары мен өндірістік серіктестер бас қосқан бұл ауқымды жиын Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (Өскемен қ.) өтіп жатыр.
Республикалық деңгейдегі бұл шарада ҚӨУ намысын академиялық мәселелер жөніндегі проректор Эльмира Наурызбаева, машина жасау кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Мақпал Бекмағанбетова және электр энергетикасы кафедрасының меңгерушісі Игорь Кошкин қорғауда.
Жиынның ресми ашылуында ШҚТУ басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Әсия Мәшекенова атап өткендей, бұл басқосудың мақсаты – инженерлік білім берудің ұлттық моделін жүзеге асырудың ортақ жүйесін құру және қазақстандық студенттерге арналған мақсатты дуальды оқыту үлгісін кеңейту бойынша ұсыныстар жинақтау.
Қазіргі заманның инженері қандай болуы керек? Осы сұрақ форумның басты тақырыбына айналды. Жиынға қатысушылар жоғары технологиялық өндіріс орындарына маман даярлаудың қыр-сырын, білім, ғылым мен бизнестің өзара байланысы қаншалықты маңызды екенін, сондай-ақ отандық өндірісті өркендетуге университеттердің қосатын үлесін қызу талқыға салды.
«Болашақтың engineering білімі: ұлттық модельді дамыту және енгізу» стратегиялық сессиясында бағдарламаның негізгі өзегі ретінде инженерлік білім берудің ұлттық моделі қаралды. Бұл модель мектеп қабырғасынан бастап кәсіби еңбек жолына дейінгі үздіксіз кадр даярлау жүйесін көздейді.
8 маусым күні өткен панельдік сессия аясында ШҚТУ мен өзге де жоғары оқу орындарының өкілдері халықаралық CDIO білім беру бастамасын өз тәжірибелеріне енгізу нәтижелерімен бөлісті. Бұл тәсіл болашақ инженерлердің іс-тәжірибелік дағдыларын нақты өндірістік міндеттерді шешу арқылы дамытуға бағытталған.
Форум қонақтары Best Engineering Schools (BES) сияқты озық инженерлік мектептердің және Шығыс Қазақстан аймағындағы ең ірі халықаралық білім беру жобаларының бірі саналатын Лу Бань шеберханасының жұмысымен танысты.
Аталған «Лу Бань шеберханасы» негізінде «Автомобильдердің инновациялық конструкциялары» және «Автомобильдердің SMART-технологиялары» атты қос зертхана жұмыс істейді. Мұнда студенттер теорияны ғана меңгеріп қоймай, автомобиль жүйелерін симуляциялық сынақтан өткізу арқылы іс жүзінде тәжірибе жинақтайды. Мұндағы білім беру барысында электромобильдер мен гибридті көліктерге диагностика жасау және техникалық қызмет көрсету технологияларын үйретуге ерекше көңіл бөлінген.













