Шекара асып... Студенттеріміз Қытайда білімін шыңдады

Baitursynuly University-ге Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің (NWAFU, ҚХР) профессоры Shan Weixing мен әріптестері Li Jinyang және Shan Guoxing іссапармен келді.

Екі оқу орны арасындағы әріптестік меморандум аясынан әлдеқашан асып, нақты өндірістік әрі ғылыми кооперацияға айналған. Бірнеше жылдан бері агроөнеркәсіп кешені үшін білікті мамандар даярлау, аграрлық ғылымды дамыту және өндіріске инновация енгізу бағытында бірлесе жұмыс істеп келеді. Ендігі мақсат – бірлескен жобалар аясын кеңейту және агросектормен тығыз қарым-қатынас орнату.

Ынтымақтастықтың ең басты жемісі – «7M08101 Агрономия» білім беру бағдарламасы бойынша іске қосылған қос диплом жобасы. Осы бастаманың арқасында студенттер қос университетте білім алып, Baitursynuly University мен NWAFU дипломдарын қатар иеленеді. Агрономия кафедрасының магистранты Жанерке Кулахметова жобаның алғашқы қарлығашы атанып, оқуын сәтті аяқтауға жақын.

Сонымен қатар академиялық ұтқырлық аясында Қытайда тұтас бір семестр оқу мүмкіндігі бар. «Агрономия» мамандығының бес студенті – Санжар Буканов, Темерлан Молдатаев, Қуаныш Окасов, Байтас Темірбеков және Мақсат Марден бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімдерін шыңдап қайтты.

Темірланның сөзінше, агрономия – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, өзіндік ерекшелігі мол сала.

«Бұл – іргелес көптеген салалардың дамуына негіз болатын терең ботаника ғылымы.
Университетіміз беріп отырған бұл мүмкіндік білім шекарасын кеңейтіп, халықаралық деңгейге шығуға жол ашады.
Ең бастысы – ынта болса болғаны және әрине, мүмкіндікті уыстан шығарып алмау керек», – дейді ол.

Студенттерге айтар кеңесі де бар: «Ағылшын тілін меңгеріңіздер! Тіл арқылы көкжиегіңіз кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады!»

Ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық та қарқынды. Екі ЖОО ғалымдары ортақ жобаларды әзірлеп, халықаралық рейтингтік басылымдарда мақалалар жариялауда. Бұдан бөлек, NWAFU профессорлары ҚӨУ докторанттарына шетелдік ғылыми кеңесші ретінде бағыт-бағдар беріп, зерттеу жұмыстарына жетекшілік етеді.

Шетелде білім алу, қос диплом иегері атану және халықаралық жобаларға қатысу – ҚӨУ студенттері үшін қалыпты әрі дәстүрлі оқу үдерісіне айналып келеді.


Қабылдау комиссиясы