Ғалымның баяндамасы «Қазақстандағы агроинженерияның дамуы: ғылым, жоғары білім, ауыл шаруашылығы техникасы және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбына арналды.
Мақсат Амантаев отандық агроинженерлік ғылымның негізгі даму бағыттарына тоқталып, ғылыми зерттеулер, мамандар даярлау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру мен қолдану, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық мәселелерін сөз етті.
Солтүстік Қазақстанның астықты өңір ретіндегі әлеуетін заманауи агротехнологияларды енгізу тұрғысынан дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ғалым топырақ өңдеу және тұқым себу технологиялары бойынша перспективалы әзірлемелерін таныстырды. Қытайлық әріптестер оның ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне, сондай-ақ Baitursynuly University-дің ғылыми-білім беру әлеуетіне қызығушылық танытты.
Академиялық сапар 12–18 қазан аралығында Northwest A&F University профессоры Цзюнь Чэньнің шақыруымен өтті. Аталған университет Қытайдағы жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының бірі саналады және QS әлемдік рейтингіндегі үздік 1000 университеттің қатарына кіреді.
Сапар барысында қазақстандық ғалым профессор Цзюнь Чэнь жетекшілік ететін зерттеу тобының қазіргі ғылыми жобалар аясында жүзеге асырып жатқан зерттеулері мен әзірлемелерімен танысты.
Сондай-ақ Agricultural Expo Park көрме саябағы мен NWAFU Museum Garden мұражай-бақшасын аралады. Ал Сиань қаласында Xi’an Ya’ao Agricultural Machinery Co., Ltd. кәсіпорнына барды.
Бұл – Шэньси провинциясындағы топырақ өңдеу және тұқым себу техникасын өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда өндірістің толық циклі жолға қойылған. Технологиялық үдерістер вакуумдық құю мен шойын бөлшектерді қалыптаудан бастап, жоғары дәлдіктегі бұйымдарды роботтандырылған әдіспен жасауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
NWAFU өкілдерімен өткен кездесулерде ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту мәселелері де талқыланды.
Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және PhD докторанттарын даярлау бағыттары бойынша пікір алмасты.
Профессор Цзюнь Чэнь жетекшілік ететін зерттеу тобы Қостанай өңірлік университетімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Цзюнь Чэнь – Мақсат Амантаевтың докторанттарының бірінің шетелдік ғылыми кеңесші. Қытайлық профессор алдағы уақытта да әріптестікті жалғастыруға және жаңа докторанттардың ғылыми жетекшілігіне қатысуға дайын екенін білдірді.
Академиялық сапар қорытындысы бойынша Мақсат Амантаевқа сертификат табысталды.
Ғалымның пікірінше, Қытайлық әріптестермен ынтымақтастық агроинженерлік ғылымды дамытуға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне озық технологияларды енгізуге тың мүмкіндіктер ашады.
«Қытайда да, Қазақстанда да агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы мен агроинженерлік ғылымға басымдық беріледі.
Дегенмен Қытай технологиялық даму тұрғысынан айтарлықтай алға жылжып, механикаландыру кезеңінен электрондандыруға, электрлендіруге және роботтандыруға көшті.
Бұл тәжірибе ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастықты дамытуға кең жол ашады», – дейді Мақсат Амантаев.












