Биылғы конференция тақырыбы – «Болашақтың цифрлық экожүйесі: білім, ғылым және индустрия салаларында жасанды интеллект пен адами капиталды интеграциялау».
Іс-шара барысында ғалымдар мен оқытушылар, студенттер ғылым мен технологиялардың дамуындағы өзекті трендтер мен перспективаларды талқылады.
Конференция қатысушыларын ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев құттықтады. Өз сөзінде ол университеттің бүгінде білім, ғылым және бизнес тиімді ықпалдасқан өңірдің жетекші ғылыми алаңына айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тек университет үшін ғана емес, ғалымдардың өздері үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ ректор заманауи үрдістерге ілесудің, әсіресе жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Пленарлық отырыс барысында отандық және шетелдік сарапшылардың баяндамалары ұсынылып, ғылым мен технологияның болашағына арналған өзекті тақырыптар қозғалды.
Литваның медицина ғылымдары университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Зоя Микниене жасанды интеллекттің ветеринарлық білім беру жүйесін қалай өзгертіп жатқанын және клиникалық диагностикаға қалай көмектесетінін баяндады.
PhD доктор, Epam компаниясының бизнес-қосымшаларды қолдау жөніндегі жетекші маманы, Astana IT University және Қазақстан-Британ техникалық университетінің сеньор-лекторы Диана Нам генеративті жасанды интеллект арқылы синтетикалық медициналық бейнелер жасау мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл технологиялар білім беру мен медицинада жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
ҚӨУ машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Батырхан Кузенбаев автономды ИИ-агенттердің жасанды интеллект дамуының келесі кезеңі екенін түсіндірді. Сонымен қатар, ол жасанды интеллектті қолдануға байланысты қауіптерге тоқталып, көмекші құралдарға тәуелділік пен өз бетінше жұмыс істеу дағдыларының әлсіреуі мүмкін екенін атап өтті.
Аталған факультеттің бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының меңгерушісі Ольга Бижанова «құзыреттердің цифрлық егіздері» идеясымен бөлісті. Бұл модель деректер негізінде кәсіби дағдыларды дамытуға және болжауға мүмкіндік береді.
Ғылым апталығы аясында университетте қосымша іс-шаралар да ұйымдастырылды. Олардың қатарында педагогикалық бағыттағы кітапхана көрмесі және «Қазақ даласының ұлы перзенті – Ахмет Байтұрсынұлы» атты гранттық жобалар көрмесі бар.
Сондай-ақ «Жасанды интеллект технологияларын медиа ортаға және коммуникативтік практикаға интеграциялау: үрдістер мен перспективалар» тақырыбында журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы ұйымдастырған панельдік сессия өтті.







