Шара барысында бірден үш маңызды еңбек көпшілік назарына ұсынылды: «Қазақстанның археологиялық коллекциясы» каталогының III томы, сондай-ақ «Бестамақ қорымы» және «Торғай неолиті» монографиялары.
Екі монографияның авторлары – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары – археологиялық зертхана меңгерушісі Андрей Логвин және осы зертхананың аға ғылыми қызметкері Ирина Шевнина.
Сонымен қатар, Ирина Шевнина «Қазақстанның археологиялық коллекциясы» каталогының редакциялық алқасының құрамына енді.
Аталмыш басылымда Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен ҚӨУ қорындағы топтама ұсынылған. Каталогқа тас дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын 184 артефакт енгізілген. Олардың қатарында қарапайым жәдігерлермен қатар сирек кездесетін құнды экспонаттар да бар.
«Бестамақ қорымы» монографиясы Қазақстан аумағындағы қола дәуірінің маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірі – Бестамақ қорымын жан-жақты зерттеуге арналған. Еңбекте авторлардың көпжылдық археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері қамтылған.
Ал «Торғай неолиті» еңбегінде XX–XXI ғасырлардағы Торғай археологиялық экспедициясының ұзақ мерзімді далалық және аналитикалық зерттеулерінің қорытындылары баяндалады. Онда маханжар неолиттік мәдениеті, оның шығу тегі, қоныстануы және Орал орманды-далалық тайпаларымен байланыстары қарастырылған.
Тұсаукесерге ҚӨУ мен Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, сондай-ақ Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының өкілдері қатысты.














