Кездесу барысында түлектерді жұмысқа орналастырудың жаңа тетіктері, кәсіби өсу мүмкіндіктері және мемлекеттік органдарға жас мамандарды тартудың маңыздылығы талқыланды.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң күшіне еніп, жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейді.
ЖОО-ны 3,33-тен төмен емес GPA көрсеткішімен тәмамдаған жас мамандар жекелеген төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындала алады.
Бұл ретте олардың мемлекеттік грантпен немесе ақылы негізде білім алғаны ескерілмейді.
Сондай-ақ бос жұмыс орнындарын eQyzmet цифрлық платформасы арқылы да табуға болады.
TÚLEK атты «Түлектерге арналған бос жұмыс орындары» арнайы бөлімінде өңірді, ауданды және мамандықты ескере отырып, тиісті лауазымды таңдауға, оған қойылатын талаптар мен жалақы мөлшері туралы ақпарат алуға және онлайн өтінім беруге болады.
Диплом алғанға дейін мемлекеттік қызметпен танысудың тағы бір мүмкіндігі – «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы.
Жобаға қатысам деген жоғары оқу орындары мен колледждердің соңғы курс студенттері, әлі де құжаттарыңызды тапсырып үлгіресіз. Қабылдау мерзімі 2026 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.
«Студенттерді университет қабырғасында оқып жүріп-ақ мемлекеттік қызметпен танысу мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз.
Бұл – тәжірибе жинақтап, болашақ мамандығына алғашқы қадам жасауға берілген жақсы мүмкіндік», – деп атап өтті агенттік мамандары.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметке орналасып, кәсіби жолын қалыптастырып үлгерген мамандар өз тәжірибесімен бөлісті, мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Олардың қатарында Baitursynuly University түлектері де болды.
Дмитрий Еременко ҚӨУ-нің экономика және құқық факультетіндегі «Құқықтану» білім беру бағдарламасын тәмамдаған.
Университетте оқып жүріп «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасына қатысып, мемлекеттік органдардың жұмысымен танысты.
Университет пен мектепті аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметке орналасты. Қазір Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде бас маман болып жұмыс істейді.
Мильвара Каримованың тәжірибесі жақсы академиялық көрсеткіштің кәсіби жолды бастауға мүмкіндік беретінін көрсетеді. ҚӨУ-нің «Құқықтану» мамандығы бойынша түлегі мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігін пайдаланды. Оның GPA көрсеткіші 3,79 болды.
Қазіргі уақытта Мильвара Қостанай ауданы, Тобыл қаласы әкімінің аппаратының есеп және қаржылық қамтамасыз ету секторының бас маманы қызметін атқарады.
Сонымен қатар Baitursynuly University-де өз мамандығы бойынша магистратурада оқуын жалғастырып жүр. Оның айтуынша, жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге болады.
Дмитрий мен Мильвара студенттермен өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби жолдағы алғашқы қадамдары мен жас мамандарға ашылатын мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Олар әңгімелерін мамандықты оқу барысында жақсы меңгеріп, жоғары үлгерім көрсету және тәжірибе жинауға ұмтылу болашақ мансапқа сенімді қадам жасауға көмектеседі деген маңызды оймен түйіндеді.






